Share to: share facebook share twitter share wa share telegram print page

 

Қабарда-Балқария

Координаттар: 43°35′ с. е. 43°24′ ш. б. / 43.583° с. е. 43.400° ш. б. / 43.583; 43.400 (G) (O) (Я)

Ресей Федерациясының субъектісі

Қабарда-Балқария Республикасы
Кабардино-Балкарская Республика
Къэбэрдей-Балъкъэр Республикэ
Къабарты-Малкъар Республика

Қабарда-Балқария туы Қабарда-Балқария елтаңбасы

Кабардино-Балкарская Республика Ресей картасында

Елордасы

Нальчик

Жер аумағы

78-ші

Барлығы
% су беті

12 470 км²
0,2

Жұрты

59-ші

Барлығы
Тығыздығы

858 946 (2013)

68.9 адам/км²

ЖАӨ

73-ші

Барлығы, ағым. баға
Жан басына шаққанда

76,1 млрд руб. (2010)

65,7 мың руб.

Федералды округ

Солтүстік Кавказ

Экономикалық аудан

Солтүстік Кавказ

Мемлекеттік тілі

Қабарда-Черкесше, Балқарша, Орысша

Республика басшысы

Арсен Каноков

Үкімет төрағасы

Руслан Хасанов

Парламент төрағасы

Ануар Чеченов

РФ субъектісінің коды

07

ISO 3166-2 бойынша коды

RU-KB

Уақыт белдеуі

MSK (UTC+4)

Қабарда-Балқария, Қабарда-Балқар Республикасы – Ресей Федерациясының құрамындағы автономиялық құрылым. Солтүстік Кавказда орналасқан. РФ-ның Ставрополь өлкесімен, Солтүстік Осетиямен және Қарашай-Черкесиямен шекараласады. Жер аумағы 12,5 мың км², халқы 782 мың адам (2002). Астанасы – Нальчик қаласы. Байырғы тұрғындары республика халқының басым көпшілігін құрайды, соның ішінде: қабардалар – 363,5 мың (48,2%), балқарлар – 70,8 мың (9,4%) адам. Орыстар – 241 мың адам (38,8%). Оннан аса басқа ұлт өкілдері (украиндар, осетиндер, немістер, корейлер, месхет түріктері, армяндар, татарлар, грузиндер, тау еврейлері мен татарлар) бар. Мемлекеттік тілі – қабарда, балқар және орыс тілдері. Республика басшысы – президент. Жоғары өкілетті органы – екі палатадан (Республика кеңесінен және өкілдер палатасынан) тұратын заң шығарушы жиналыс; ол 4 жыл мерзімге сайланады. Әкімшілік-аумақтық бөлінісі 9 аудан, 8 қала, 4 қалалық кент, 115 ауылдық әкімшілік.

Географиясы

Қабарда-Балқария Кавказдың солтүстік беткейі мен Қабарда жазығында орналасқан. Оңтүстік-батысы мен оңтүстігін Бүйір жотасы, Бас немесе Суайрық жоталарының шыңдары (Эльбрус – 5642 м, Дыхтау – 5203 м, Шхара – 5068 м) алып жатыр. Республиканың солтүстік-шығыс жағында, Малка өзінің Терекке құяр тұсында жер бедерінің биіктігі 200 м-ге дейін төмендейді. Терек пен Малка өзендерінің аңғары шалғынды, орманды. Орман алқабының (емен, қайың, қарағай, тағы басқалар) жалпы ауданы 331 мың га. “Эльбрус” өңірі мемлекеттік табиғи ұлттық бағы ерекше қорғалатын аймаққа жатады. Климаты континенттік, Қабарда жазығының қаңтардағы орташа температурасы –4°С, шілде айында 23°С, ал таулы өңірдің орташа температурасы қаңтарда –12°С, шілдеде 4°С болады. Жауын-шашынның жылдық мөлшісі 500 мм-ден (Қабарда жазығында) 2000 мм-ге (таулы өлкеде) жетеді. Жері – қара топырақты, шалғынды қара қоңыр және қара қоңыр. Таулы өңірде сілеусін, сусар, қоңыр аю, қабан, елік, жабайы өгіз, тауешкі, құстардың алуан түрлері кездеседі.

Тарихы

Қабарда-Балқария жерін адам баласы өте ерте заманда мекендеген. Бақсан шатқалындағы Сосруко және Сос үңгірлері, Чегем шатқалындағы қала-төбе үңгірі мезолит дәуірінен (б.з.б. 8 – 5 ғасырлар) қалған ескерткіштер, ал неолит дәуірінің ескерткіштері Агубек қонысынан, Кенже өзеннің жағасындағы ескі жұрттан, тағы басқалар табылды. Сондай-ақ қола дәуірінің ескерткіштері де республика аумағында (Долин қонысы, Нальчик обалары, Тас көпір зираты, Жемталы қазынасы) көп ұшырасады. Ерте темір дәуірінде Қабарда-балқария жерінде сақтар мен сарматтар мәдениетінің белгілері болған. Кейін сақ, сармат, аландар қабарданың синд, меот, зих, керкет тайпаларына зор ықпалын тигізген. Адыгтар деген жиынтық атаумен белгілі болған бұл тайпалар Азау, Қара тағы жағалауын мекендеген адыгей, қабарда, черкес халықтарының арғы аталарына жатады. Б.з.б. 1 ғасырдың орта шенінде Таман түбегінде синд тайпаларының өзіндік мемлекеттік бірлестігі болды. Ол кейін Боспор патшалығы құрамына енді. Синдтер егіншілікті, қолөнерді, теңізде жүзуді кәсіп еткен. 4 ғасырда оларды ғұндар өзіне бағындырды. Балқар халқы алан тайпалары мен [[бұлға|бұлғарлардың және Қап тауына таяу қоныстанған қыпшақтардың өзара араласуынан пайда болған. Балқар тілі түркі тілдері шоғырындағы қыпшақ тілі тобына жатады. Алтын Орда, ол ыдырағаннан кейін Қырым хандығының құрамына кірді. 1557 ж. Қабарда (Темрюк билеген тұста) билеушілері Ресей мемлекетінің қол астына өтті. Иван ІV Грозный Қабарда князі Темрюктың қызы Марияға үйленіп, қабарда ақсүйектері патша сарайында, әскерде жоғары мәртебелі қызметтер атқарды. 16 – 18 ғасырларда қабарда халқы Ресей мен Осман сұлтандығы арасындағы соғыстарға белсене қатысты. 1735 – 39 ж. орыс-түрік соғысынан кейін жасалған Белград келісімшарты бойынша Қабарда бейтарап ел болып жарияланды, ал Кічік-Кайнаржа бітімі (1774) бойынша Түркия оның Ресей құрамындағы ел екендігін мойындады. Ал Балқария Ресейге 1827 ж. қосылды. 1870 ж. Владикавказ туған жылының салынуы өңірдің шаруашылық жүргізу дағдыларын жаңа сапалық сатыға көтерді. 1917 ж. Ақпан революциясы мен Қазан төңкерісінен кейін болған билігі қолдан қолға өтіп, ақыры кеңес өкіметі орнады. 1921 ж. қаңтарда Қабарда мен Балқария әкімшілік округ ретінде Таулық АКСР-і құрамына енді. 1921 ж. 1 қыркүйекте РКФСР құрамында Қабарда автономия округін құру туралы декрет шықты. 1922 ж. 16 қаңтарда БОАК қаулысы бойынша Балқария округі Таулық АКСР-інен бөлініп, Қабардамен біріктірілді де, Қабарда-Балқар автономия округі құрылды. 1936 ж. Қабарда-Балқар АКСР-і аталды. 1944 – 57 ж. балқарлықтар Қазақстанға заңсыз жер аударылғанда, республика Қабарда АКСР-і ретінде өмір сүрді. 1957 ж. Қабарда-Балқар АКСР-і қалпына келтіріліп, балқарлар тарихи отандарына қайта орала бастады. 1991 ж. қарашада республиканың Жоғары Кеңесі ел егемендігі туралы декрет қабылдап, Қабарда-Балқар КСР-і жарияланды. 1992 ж. ол “Қабарда-Балқар республикасы” аталды. 1992 ж. 31 наурызда РФ-ның субъектісі ретінде федеративтік келісімшартқа қол қойды.

Экономикасы

Қабарда-балқария – индустриалды-аграрлы республика. Көп салалы өнеркәсібі мен интенсивті дамыған ауыл шаруашылғы бар. Өндірістік кешендері түсті металдарды қорытуға, вольфрам мен молибден өндіруге маманданған. Федералдық меншіктегі Тырныауз кен-металлургия комбинат осы саладағы жетекші кәсіпорындардың бірі. Машина жасау ісі жақсы дамыған, қазіргі кезде оның өнеркәсіп өнімдерін шығарудағы үлесі 30%-ға жетіп отыр. Сонымен қатар жеңіл индустрия, құрылыс материалдары өнеркәсібі, электр техникасы мен электронды жабдықтар шығару ісі жақсы жолға қойылған. Энергетика, полиграфия өнеркәсібін, ағаш өңдеу кәсібін өркендету мәселесіне маңыз беріліп отыр. Қабарда-балқариядан шығатын кабельді өнімдерге, алмасты аспаптарға, былғары және үлдірік бұйымдарға сырт рынокта сұраныс жоғары. Өндіріс орындары негізінен Нальчик, Прохлад, Терек, Тырныауз, Нарткача, Бақсан, Майск өнеркәсіп орталықтарына шоғырланған. Солардың арасында Тырныауз вольфрам-молибден комбинациясы, Нарткача химия комбинациясы, “Иском” комбинациясы, Терек алмасты аспаптар заводты, Нальчиктегі жартылай өткізгіш приборлар заводты, “Эльбрус” жиhаз жасау комбинациясы, Казак фабрикасы, тағы басқалар ірі кәсіпорындар саналады. Ауыл шаруашылық егін егу және мал өсіру бағытында қалыптасқан. Ауыл шаруашылық жерінің 40%-ын егістік алқап алып жатыр. Бидай, жүгері дақылдарымен қатар күнбағыс, тары, зығыр, көкөніс, картоп егіледі. Мал шаруашылығы құрылымында етті-сүтті мүйізді ірі қара, қой өсіру кәсібінің үлесі мол. Әсіресе, жылқы бағу мұнда дәстүрлі шаруашылық сипатын иеленген. Қабарда жылқыларының жүйріктігімен, төзімділігімен әрі таулы жерге бейімдігімен тек Ресейге емес, шет елдерге де ертеден даңқы шыққан. Қабарда-балқария аумағынан Солтүстік Кавказ темір жолы (Нальчик қаладан 4 км) өтіп жатыр. Соңғы кезде автомобиль және әуе көлігімен қатынас жақсы дамып келеді. Жүк және жолаушылар тасымалының жалпы көлемінің 80%-ы автокөліктің үлесіне тиеді. Республикааралық және халықар. тасымал Қ.-Б. жерін қиып өтетін “Кавказ” автомагистралі арқылы жүзеге асады. Республика соңғы жылдары халықар. туризм орт-на айналып келеді. Әсіресе, тау шаңғысы спорты мен альпинизмді дамытуға мүмкіндік мол. Эльбрус ауданында, Бақсан өзеннің жоғары ағысында спорт кешені салынған, Чегем және Эльбрус өңірі тауларында аспалы жолдар жұмыс істейді. [1]

Мәдениеті

Қабарда және балқар халықтары тарихи тағдырлас болғандықтан, тілдеріндегі айырмашылықтарға қарамастан, олардың әдебиеті бір арнада қатар дамыды. 1923 ж. қабарда-черкес тілінің, 1924 ж. қарашай-балқар тілінің жазуы қабылданды. Қабарда мен Балқар әдебиетінің негізгі бастауы – фольклор. Онда түрлі өлең-жырлар, ертегілер, мақал-мәтелдер, батырлық эпостар, тағы басқалар ауыз әдебиеті үлгілерінің мол қазынасы бар. Екі халыққа ортақ “Нарттар” эпосында ерлік пен еңбек құдіреті, халықтың дүниетанымы, этика-эстетикалық көзқарасы шынайы бейнеленеді. 19 ғ-да Қабарда ақыны әрі филолог-ғалымы Ш.Б. Ногмов (1794 – 1844) қабарда-черкес тілінің әліппесін, грамматикасын құрастырды, “Адыгей” халқының тарихын (1861) жазды. Алғашқы қаламгерлері – С.Хан-Гирей, Қази Атажукин, Юрий Ахметуков (Қази-бек), С.Урусбиев, тағы басқалар шығармаларын орыс тілінде жазды. Кеңес өкіметі тұсында Б.М.Пачев, К.Б.Мечиев, П.Кешоков, Т.Борукаев, Али Шогенцуков, Ә.Кешоков, І.Кулиев, А.Налоев, тағы басқалар ақын-жазушылар шықты. Қабар және балқарда қолөнер кәсібі мен дәстүрлі бейнелеу өнері жақсы дамыған. Киімдерге қошқар мүйіз, көгеріс, геометриялық өрнектер салып зерлейді. Белдік, қаусырма ілгек, қару-жарақ түрлері мен ат әбзелдерін күміспен сіргелейді. Балқар әйелдері геометриялық пішіндер салып текемет басады, әр түрлі киіздерден оюлап, сәнді сырмақтар жасайды. Ал қабардаларда бойра, шымши тоқу ісі кең тараған. Олар ағаштан жиhаз, ыдыс-аяқ жасап, оймыштап бедерлейді. Қабарда және балқар ұлттық музыкасының дені ән мен би жанрын қамтиды. Кең тараған ұлттық билері – кафа, удж, исламей (қабардаларда); тюз-тепсеу, тегерек-тепсеу, абзех (балқарларда). Ұлттық музыкалық аспаптары: шыкэ-пшынэ, жия қобыз, қаңғыр қобыз, қыл қобыз, накырэ, сырына, сыбызғы, пхъачыч, карс (соқпалы); пшынэ, қобыз (тілді), т.б. Театр өнерінің шығу төркіні халықтың әдет-ғұрып ырымдары мен ойындарында жатыр. Ақын-импровизаторлар (джегуаколар) мен “капчилер” өнерінде, теке биі (ажа-кафа), т.б. халық ойындарында театр қойылымдарының көптеген элементтері кездеседі. Қазіргі Қабарда-Балқар драма театры 1940 ж. құрылған. 1990 ж. “Адыгтардың халықтық әндері мен аспаптық әуендері” атты музыкатану антологиясы жарық көрді. Әсіресе, “Қарашайлар мен балқарлардың нарт эпостары” атты шығарма ғылымға қосылған қомақты үлес болды. [2]

Сілтемелер

Дереккөздер

  1. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл. ISBN 5-89800-123-9, X том
  2. Тюркоязычный мир, А., 1997; Кабардино-Балкария в цифрах. Статистический ежегодник, Нальчик, 2002; Социально-экономическое положение КБР, Нальчик, 2003; Тюркские народы, А., 2004.


Kembali kehalaman sebelumnya