Share to: share facebook share twitter share wa share telegram print page

 

Фонетика

Фонетика (грек. φωνητῐκός – дыбыстық, дауыстық) — тіл білімінің тілдің дыбыстық жағын зерттейтін саласы.

Тіл білімінің басқа салаларымен салыстырғанда фонетика өз нысанының тілдік қана емес, материалдық жағын да – дыбыстарды жасайтын адамның дыбыстау (артикуляция) жүйесін, яғни айтылым базасын, дыбыстың айтылымын (акустикасын), естілімін (перцепциясын) қарастырады.
Осыған байланысты қазіргі Фонетиканың нысаны ретіндегі тіл дыбыстары тілдік (функционалдық), жасалымдық, айтылымдық, естілімдік жағынан қарастырылады.[1][2]

Дыбысты зерттейтін бейтілдік ғылыми пәндермен салыстырғанда фонетика дыбыстық құбылыстарды тілдік қарым-қатынас үшін қажетті сөздер мен сөйлемдердің материалдық тұрпатын жасаушы тілдік жүйенің элементі ретінде қарастырады. Тілдің дыбыстық жағы мұндай қызметтен ажырап қалса, түсініксіз болады. Тіпті сөз ағымындағы жекелеген дыбыстардың өзі тілдің мазмұндық бірліктерімен байланыста, яғни фонеманың өкілі (варианты, аллофоны) ретінде ажыратылады. Мысалы, майсөк сөзі мәйсөк түрінде берілгенмен, алғашқы буындағы фонема а болады,
себебі қазақ тілінде май деген түбір бар да, мәй деген түбір жоқ.

Фонетика сөзінің мағынасы

Бүгінгі тіл білімінде фонетика сөзінің кең және тар мағынасы қалыптасқан. Кең мағынада фонетика тіл дыбыстарын зерттейтін ғылымның бір саласы, ал тар мағынада тіл дыбыстарының сөз ағымындағы, дыбысталған сөздегі көріністері мен әр түрлі құбылыстарын зерттейтін бөлімі дегенді білдіреді. Кең мағынадағы тіл ғылымының бір саласы ретінде фонетика жалпы және жеке немесе жекелеген тілдердің фонетикасы болып бөлінеді.

A.
Дыбыстың артикуляциялық аймағы. Орындары білім дауыссыз дыбыстар (активті және пассивті): 1. Сыртқы лабиалды 2. Ішінде лабиальды 3. Дентальлық 4. Альвеолярлық 5. Постальвеолярлық 6. Препалатальлық 7. Палатальлық 8. Велярлық 9. Увулярлық 10. Фарингальлық 11. Глоттальлық 12. Эпиглоттальлық 13. Радикалдық 14. Постдорсальдық 15. Предорсальдық 16. Ламиналды 17. Апикальды 18. Субапикалды

Фонетиканың зерттеу тәсілдері

  • адамның дыбыстау аппаратының мүмкіндіктерін, дыбыстық бірліктердің акустикалық, артикуляциялық, перцепциялық ерекшеліктерін зерттеп, оларды айырым белгілеріне қарай таптастырады;
  • дыбыстардың әуендік, әуездік сипаттарын анықтайды;
  • дыбыстардың тіркесімділігін, буын ерекшеліктерін, олардың сөздегі үйлесімі мен үндесімін;
  • буын табиғатын, дыбыстардың буынға бірігу заңдылықтары мен сөз ағымының буынға жіктелуінің факторын;
  • сөздің фонетикалық ұйымдасуын, екпін мен үндестік заңын;
  • сонымен қатар тілдің интонациялық құралдары болып табылатын дауыс әуенін (негізгі тон жиілігін), қаттылығын (интенсивтілігін), жылдамдығын, әуезін, кідірістерді қарастырады.

Фонология

Дыбыстық жүйеде тілдің құрылымын зерттейтін тіл білімінің фонетика саласының үлкен бөлігі; Жекелеген тілдің фонетикасы осы мәселелерді нақты бір тілге қатысты қарастырады.
Жекелеген тілдің фонетикасы сипаттама немесе синхронды, тарихи немесе диахронды болып сараланады.

  1. Синхронды фонетика тілдің қазіргі жағдайындағы дыбыстарын, дыбыстық құбылыстарын, яғни дыбыстық жүйенің статикасынзерттейді
  2. диахронды фонетика тілдің дыбыстық жүйесі мен ондағы құбылыстардың тарихын, уақыт пен кеңістіктегі өзгерістерін, яғни динамикасын зерттейді.

Қазіргі Фонетикада палатография, интонография, спектрография, т.б. әр түрлі құралдарды пайдаланатын эксперимент тәсілдері, сондай-ақ [[электрондық-есептеуіш машиналар, компьютерлік бағдарламалар кеңінен қолданылады. Сонымен бірге Фонетиканың сөз дефектологиясы, калиграфия, логопедия, сурдопедагогика, графика мен орфография сияқты ғылымның басқа да салаларындағы қолданбалы мәні артып келеді.
Әсіресе, эксперименттік фонетика нәтижелері тілді автоматтандыру, адам сөзімен басқарылатын күрделі электронды жүйелер, жасанды интеллект мәселелері үшін құнды.

Фонетиканың жоғарыда аталған бағыттарының барлығы қазіргі қазақ тіл білімінде өз деңгейінде дамыған.

Фонетикалық дыбыстаңба

Фонетикалық дыбыстаңба, фонетикалық транскрипция (лат. латtranscriptio -қайта көшіріп жазу) — ауызша айтылған сөздің дыбысталуын неғұрлым дәл беру үшін қолданылатын жазу тәсілі.

Фонетикалық жазу

Фонетикалық жазу — дыбыстық жазу. Емле ережелерінің фонетикалық принципіне негізден жазу, яғни сөздерді айтылуы бойынша жазу. Қазақ жазуында түбір сөздердің көпшілігі айтылуы бойынша жазылады.

  • Мысалы: ара, ата, екі, көз, бас, құс, түн.

Фонетикалық заңдар

Фонетикалық заңдар — тілдің дыбыстық материясының қызметі мен дамуының заңдылықтары. Олар дыбыстық бірліктердің тұрақтылығын және үздіксіз болып отыратын өзгерістерін, өзара алмасуы мен тіркесуін реттеп отырады. Күнделікті сөйлеу процесінде болып отыратын құбылыстарды, аллофондық түрленулерді (варианттарды), дыбыстардың сөз құрамындағы позициялық алмасуларын тілдің дыбыстық материясының қызметіндегі заңдылыктар арқылы түсіндіруге болады. Аллофондық түрленулер көрші дыбыстардың әсеріне байланысты кез келген сөзде кездеседі.

  • Мысалы, қазақ тіліндегі екі дауысты дыбыстың арасындағы қатаң дауыссыздың ұяңдауы (қап-қабы, тап-табу), көрші дыбыстардың бір-біріне икемделуі (ерінбеу—ерімбеу, сөзшең — сөшшең). Тіл дыбыстарының даму заңдылықтарына сай дыбыстардың қалыптасқан тарихи алмасулары үздіксіз болып отыратын позициялық өзгерістердің тарихи тұрақтануынын нәтижесі болып табылады.
  • Мысалы: соқ — согым — сойу, семіз— семір, көз—көр, сөз — сөйле. "Фонетикалык заңдар" уғымын тіл біліміне жасграмматиктер енгізген. Олар Фонетикалық заңдарды бір тілдің диалектілеріндегі немесе тіл дамуынын әр түрлі кезеңіндегі (синхрондық күйіндегі) дыбыстардың үздіксіз сәйкесіп отыруынын формуласы деп есептеген. Фонетикалық өзгерістер тұрақты зандылықтар нәтижесінде болып отырады. Бірқатар фонетикалық өзгерістердің себебін тек тарихи тұрғыда түсіндіруге болады (маңдай — маңлай, көңіл — кеуіл, шоқ — чоқ, Шідерті — Шідерлі, Өлеңті— Өлеңді, Бұқтырма — Бүқтарма). Фонетикалық заңдардың барлық тілдерге тән түрлері де, тек белгілі бір туыс тілдерге тән түрлері де болады.

Фонетикалык сөз

Фонетикалық сөз — екпін түспейтін көмекші сөздермен, шылаулармен тіркесіп келетін дербес сөз.

  • Мысалы: Сен ғой, мың қаралы, ән сал.

Сілтемелер

Дереккөздер:

  1. «Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, IX том
  2. Тіл білімі терминдерінің түсіндірме сөздігі — Алматы. «Сөздік-Словарь», 2005. ISBN 9965-409-88-9
Kembali kehalaman sebelumnya