ТерроризмТерроризм, терроршылдық (лат. terror - қорқыныш, үрей), лаңкестік — саяси мақсатты сылтауратып күш қолдану; саяси-әлеуметтік себептерге байланысты жеке адамға, көпшілікке немесе мемлекетке қысым жасау, үрей туғызу мақсатында қасақана жасалатын қылмыстық іс-әрекет. Термин мәніБұл ұғым XVIII соңында ұлы француз төңкерісі кезінде якобиндықтар жүргізген репрессиялық саясатты атауда қолданылды. Ал қазіргі әдебиеттерде диктаторлық немесе тоталитарлық жүйелердің өз азаматтарына қатысты күш қолдану және үрей туғызу саясатын сипаттауда қолданылады. Терроризм ретінде "әлсіздің" тарапынан болатын (радикалды саяси оппозиция, экстремистік пиғылдағы ұлттық немесе діни азшылық, діни фанатиктер және т.б.) әрекет түсініледі. Терроризм - ұйымдасқан топ діттеген мақсатына жету үшін дүрсін-дүрсін күш қолдану арқылы көрініс табатын әдіс. Қазіргі жағдайларда террористер аманат алуды, қоғамдық мәндегі ғимараттарды басып алу, жарып жіберу, ұшақтарды алып қашу және өзге де әрекеттерге барады. Террористік әрекеттер қашан да жариялы түрде жүреді және қоғамға, билікке әсер етуге бағытталады. ТарихыБ.з. 1 ғасырында Иудеяда римдіктермен ынтымақтасқан еврейлердің танымал өкілдерін жойған сикарилер сектасының қызметі Лаңкестік сипатқа ие болды. Орта ғасырда христиан шіркеуінің өкілдері халыққа дұшпан билеушіні өлтіру идеясын қолдаса, Үндістан мен Қытайдың құпия ұйымдары, парсы, «ауған жеріндегі» әсіре діншіл сектанттар өздеріне жақпаған адамдардың көзін жою тәсілдерін кеңінен қолданды. 19 ғасырдың 2-жартысынан бастап Лаңкестік қоғамдық-саяси өмірге ықпал етуші тұрақты факторлардың біріне айналды. Ресейде халықшылдар, Ирландия, Македония, Сербияда ұлтшылдар, Франция, Италия, АҚШ-та анархистер, т.б. солшыл радикалды қозғалыстар пайда болып, өз үкіметтерінің қызметіне ықпал етуге ұмтылды. Бұл қозғалыстардың идеялық негізінде әртүрлі идеологиялық тұғырнама жатқанымен, олар Лаңкестікті “қоғам игілігі үшін өзін-өзі құрбан ету” деп түсінді. 20 ғасырда Лаңкестік әдістерін пайдалану ауқымы кеңейіп, Лаңкестік мемлекеттік деңгейге жетті. КСРО-дағы “қызыл террор” мен фашистік Германиядағы “ұлтшылдық террор” өз азаматтарына қарсы жасалған Лаңкестіктің айқын көрінісі болды. 2-дүниежүзілік соғыстан кейін Палестинадағы еврей ұйымдары Израиль мемлекетін құру мақсатында Лаңкестік ұйымдарын құрып, көптеген Лаңкестік актілер ұйымдастырды. Израиль мемлекеті жарияланғаннан кейін оған жауап ретінде палестиналық Лаңкестік ұйымдар пайда болды. Араб елдері мен Израильдің қарама-қарсылығы қатаң да аяусыз Лаңкестік соғыстың басталуына әкелді. Сондай-ақ Солтүстік Ирландиядағы, Испаниядағы сепаратистер де мемлекет қауіпсіздігіне зардап келтіретін қауіпті Лаңкестік актілер ұйымдастырды. Бұл кезеңдегі Лаңкестік әрекеттер ұлттық, діни, этник. шиеленістермен және азаматтық қозғалыстармен байланыстырылды. 20 ғасырдың 2-жартысында Лаңкестіктің сипаты күрт өзгерді. Көптеген елдерде Лаңкестік ашық қоғамға бейімделе алмаған және заң шығарушы органда саяси өкілдік ала алмаған әлеуметтік топтардың саяси қарсылық білдіру құралына айналды. Олардың мақсаты қайсыбір елде (немесе халықаралық деңгейде) қорқыныш-үрей, жалпы тұрақсыздық тудыру болды. Лаңкестіктің іс-әрекет тактикасы да едәуір кеңейді: кепілге адам алу, қоғамдық орындарда жарылыстар ұйымдастыру, кісі өлтіру кең тарады. Шет елдердің елшіліктеріне, халықараралық ұйымдардың бас пәтерлеріне шабуылдар жасау, ұшақ жару, қару-жарақ қоймаларын басып алу секілді Лаңкестіктің жаңа түрлері пайда болды. Әлемнің тұтас аймақтарына бағыт-бағдары әр түрлі Лаңкестік ұйымдар мен топтардың әрекеті жаппай таралып, Лаңкестіктің қауіпті әлуеті артты. 20 ғасырдың 70 — 80 ж. дүниежүзінде 5500-ден астам Лаңкестік акт жасалды. Бұл кезеңде лаңкестер ұйымдасқан арнаулы топтарға біріге бастады. Әр түрлі елдердің, соның ішінде, Таяу Шығыс, Жапония, Латын Америкасы, Еуропа елдерінің Лаңкестік ұйымдары арасында жақындасу процесі басталды. 80 — 90 ж. халықаралық есірткі Лаңкестікті бой көрсетті. Есірткі бизнесі, заңсыз қару-жарақ сату мен ұйымдасқан қылмыстың өзге де түрлері Лаңкестік әдіс-тәсілдерін кеңінен пайдаланды. 90-жылдардың 2-жартысында әлемнің көптеген аймақтары кең ауқымды әскери іс-қимылдарды тудыруы мүмкін Лаңкестік әрекеттердің ошағына айналды. Саяси Лаңкестік бастапқы түрін өзгертіп, біртіндеп қылмыстық, ұлтшылдық, діни-экстремистік Лаңкестікке ұласып, халықаралық сипат алды. Қазіргі кезде дүниежүзінде 500-ден астам Лаңкестік ұйым мен экстремистік топ әрекет етеді. Олардың ішіндегі ең ірі Лаңкестік ұйымдар: “Тупак Амару атындағы революциялық қозғалыс”, “Ку-Клус-Клан”, “Арийлік ұлт” оңшыл экстремистік ұйымы, “Аум Синрике”, “Ирландияның республикалық армиясы”, “Хамас” (Исламдық қарсыласу қозғалысы), “Хезболлах”, т.б. Ауқымы мен түрлеріҚазіргі Лаңкестік ауқымы мен аумағы жағынан халықаралық (халықаралық деңгейдегі Лаңкестік актілер), ішкі саяси (үкіметке, ел ішіндегі қандай да бір саяси топтарға қарсы бағытталған немесе ішкі жағдайды тұрақсыздандыруды мақсат тұтатын Лаңкестік әрекеттер); пайдакүнемдік мақсаттарды көздейтін қылмыстық Лаңкестік түрінде көрініс береді. Сондай-ақ Лаңкестіктің мынадай алуан түрлері кездеседі: өзге егеменді мемлекеттердің қоғамдық-саяси құрылысына, тұрақтылығына нұқсан келтіруге бағытталған мемлекеттік лаңкестік; мемлекеттік құрылысқа қатысты шешімді болдырмауға (немесе қабылдауға) бағытталған күресті білдіретін саяси лаңкестік; аса күрделі әлеуметтік-саяси тартыстар негізінде қалыптасатын әлеуметтік лаңкестік; этникалық белгілер бойынша жүзеге асырылатын ұлттық лаңкестік; бірыңғай мемлекет шекарасында үстем ұлт өкілдері елдің қайсыбір бөлігіне егемендік беру талабымен жүзеге асыратын аумақтық-сепаратистік лаңкестік; саяси қарама-қарсылықта діни сана негізгі орын алған жағдайда туындайтын діни лаңкестік. Қазіргі уақытта Лаңкестік даму, таралу қарқыны мен салдары жағынан адамзаттың ең қауіпті қоғамдық-саяси және моральдік мәселелердің біріне айналып отыр. Лаңкестердің ядролық, бактериологиялық, химиялық уытты қаруларды қолдану мүмкіндігі ғаламдық қауіпсіздікке үлкен қатер туғызуда. Лаңкестік мемлекеттің идеологиялық-құқықтық жүйесі қоғамның күрделі әлеуметтік-саяси процестерін реттеуге қабілетсіз болуына байланысты пайда болады. Әсер етуші факторларЛаңкестіктің өсуіне мынадай факторлар әсер етеді: саяси-әлеуметтік және экономикалық дағдарыс, халықтың өмір сүру деңгейінің күрт төмендеуі мен жұмыссыздықтың өсуі, ұлттық және діни қайшылықтардың шиеленісуі, т.б. Лаңкестікке қарсы алдын алу шараларының қатарына: қоғамның әлеуметтік-экономикалық және саяси тұрақтылығын, азаматтардың экономикалық, саяси, ұлттық, діни, т.б. құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету; адам құқығы жөніндегі мемлекеттік органдар мен қоғамдық органдардың жұмысын жетілдіру; қоғамда жоғары саяси және құқықтық мәдениет қалыптастыру; қару-жарақ рыногіне, соның ішінде жаппай қырып-жою құралдарына мемлекеттік және халықаралық бақылау жасау, т.б. Дүниежүзілік қауымдастық Лаңкестікке қарсы бірқатар халықаралық-құқықтық құжаттар қабылдады (Әуе кемелеріне жасалған қылмыстық және басқа да әрекеттер туралы конвенция (1963); Азаматтық авиация қауіпсіздігіне қарсы бағытталған заңсыз актілермен күрес туралы конвенция (1971); Лаңкестікті қаржыландыруға қарсы күрес туралы конвенция (1999), т.б. 1994 ж. БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 49-сессиясында қабылданған “Халықаралық лаңкестікті жою шаралары туралы” декларацияда Лаңкестікпен күрестегі халықаралық ынтымақтастық шаралары белгіленді. ТМД мемлекеттері арасында көпжақты келісімдер жасалып, Лаңкестікке қарсы орталық құрылды (2000). Орта Азия мемлекеттері 2000 ж. Ташкентте өткен саммитте “Лаңкестікпен, саяси және діни экстремизммен, трансұлттық ұйымдасқан қылмыспен, тұрақтылық пен қауіпсіздіктің басқа да қатерімен күресте бірлескен іс-әрекет туралы” келісімге қол қойды. Сондай-ақ Шанхай ынтымақтастық ұйымы шеңберінде халықар. Лаңкестікпен және экстремизммен күрес шаралары белгіленген.[1] Терроризмге қарсы күрес1977 жылы Еуропалық Кеңеске мүше-мемлекеттер терроризммен күрес жөнінде Еуропалық конвенция қабылдады. Терроризм (ең алдымен, көрнекті саяси және қоғам қайраткерлерін өлтіру) тарих ағынына елеулі ықпал етеді, бірақ саяси қайраткерлерге қарсы терактілер өздігінен жалпы адамзатқа аса қауіп төндіре қоймайды. XX ғ. екінші жартысында жағдай түбегейлі өзгерді, терроризмнің әртүрлі түрлерінің күрт жіктелуі орын алды. Ол өмір сүріп отырған бүкіл саясат тәртіптеріне, институттарға, заңды билік құрылымдарына қарсы жаппай соғысқа айналды. Терроризмнің иррационалдық қыры саясатқа еш қатысы жоқ қарапайым халықты жаппай қырудан көрініс тапты. Нәтижесінде зорлық-зомбылық апаты және вакханалия жер шарының әрбір адамын терактіні ұйымдастырушылардың ақылға қонымсыз идеяларының бұғауында қалдырды. XX ғ. соңында терроризм қазіргі заманның өткір ғаламдық мәселелеріне айналды. 1960-1970-жылдары солшыл экстремистік пиғылдағы Италиядағы "Қызыл бригада" және Германиядағы Баадер-Майнхоф сияқты топтардың әрекеттерімен байланысты терроризм толқыны Батыс Еуропаны шарпып өтті. 1990-шы жылдардың басында Ресей қанды террористік зомбылықтың ортасында қалды. Кейіннен оған ислам экстремизмі, шешен сепаратизмі қосылды. Антитеррордың әдістері, технологиясы және тиімді стратегиясы отандық және шетелдік арнайы қызметтер күшіне сүйенеді.Cаяси мақсаттарын іске асыру үшін өлімді, адамдарды үрлауға, диверсияны және басқа да басып-жаншу актілерін құрал ретінде көлдану.[2][3] Дереккөздер
|