Інжір (Fіcus carіca) – тұт тұқымдасына жататын субтропиктік жеміс ағашы. Інжірдің биіктігі 4 – 8 м, діңінің диаметрі 0,2 – 0,4 см. Тамыры жақсы дамыған, жас сабақтары жасыл, сүтті-шырынды, жапырағы ірі. Жемісі етжеңді, жеміс шоғырының ішінде ұсақ жаңғағы болады, жемісінің салм. 32 – 77 г. І. – қос үйлі өсімдік. Аталық ағашын капфирикус, ал аналығын фиг деп атайды. І. гүлін бластофага арасы тозаңдандырады. Ол болмаған кезде қолдан тозаңдандыру жүргізіледі. І-дің көптеген сұрпының жеміс шоғыры партенокарпты. Аналық ағаштардың көпшілігі 2 рет жеміс береді. Біріншісі шілдеде, екіншісі тамыздан қарашаға дейін піседі. Ылғалды жерде жаздың ыстығына төзімді, топырақ талғамайды, бірақ қара шірігі мол саздақ топырақта жақсы өседі. І. ағашы 100 – 200 жыл өмір сүреді. Оның 2 – 3 жылдық көшеттері жеміс бере бастайды. 50 – 80 жылға дейін өнімі мол болады (әр ағаш 20 – 100 кг). І. Жерорта теңізі жағалауында, Кіші Азия түбегінде, Иранда, Солт. Батыс Үндістанда, Кавказ сыртында, Орта Азия елдерінде жабайы түрлері, ТМД елдерінде (Әзірбайжан, Грузия, Армения), Ресейде (Краснодар өлкесі, Қырым), Орта Азия елдерінде қолдан отырғызылған түрлері өседі. Жас жемісінде 12 – 23% қант, 0,5 – 4,2% пектин заты, 3,4 – 7,4% клетчатка, С, В1, В2 витаминдері, каротин, кальций, темір және фосфор мол. Жемісін жас күйінде кептіріп, тосап, тосап, компот жасап, тағамға пайдаланады. Кепкен жемісінде 50 – 77% қант болады. ТМД елдерінде Смирнский-2, Калимирна, Далматский, Чапла, Сочинский-7, Кадота, Адриатский сұрыптары отырғызылған. І. тұқымынан, қалемшеден, тамырсабақтарынан өсіріледі.[1][2][3]
Пайдаланылған сілтемелер
- ↑ Қазақ Энциклопедиясы, 9 том
- ↑ Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі: К54 Қоғамдық тамақтандыру.— Алматы: "Мектеп" баспасы, 2007. — 232 бет.ISBN 9965-36-414-1
- ↑ Шаңырақ : Үй-тұрмыстық энциклопедиясы. Алматы : Қаз.Сов.энцикл.Бас ред., 1990 ISBN 5-89800-008-9